Алматы әкімі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық бюросының басшысымен кездесті

22 маусым 2017 жыл

Алматы әкімі Бауыржан Байбек пен ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік бюросының директоры Жужанна Якабпен кездесті.

Тараптар медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыру, сонымен қатар биылғы жылдың қазан айында оңтүстік астанада өтетін алғашқы медициналық - санитарлық көмек көрсету жөніндегі Халықаралық конференцияға дайындық туралы әңгімеледі.

«Халықтар арасындағы урбанизацияға орай денсаулықты тұрақты дамыту барысында мегаполистердің рөлі артуда. Еуропада «Саламатты қалалар- Здоровые города» бағдарламасы 20 жылдан бері жүзеге асып, қоғамдық денсаулық сақтау мүддесінің тұғырнамасына айналған. Жалпы, бұл бағдарлама халықаралық мәртебеге ие және Алматының бұл жобаға Орта Азия мегаполистерінің ішінен алғашқы болып қосылғанына қуаныштымын. Бұл ел басшылығының Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қағидаларын қолдайтындығын көрсетеді», - деді Жужанна Якаб.

Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру шарасының енгізілуі медицналық қызмет көрсетудегі маңызды қадам деді ол.

«Осыдан 40 жыл бұрын Алматыда алғашқы медициналық- санитарлық көмек көрсетудің Халықаралық Декларациясы қабылданған еді. Мен биылғы мерейлі конференциясының жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін. Конференция ең үздік сарапшылардың басын қосып, шынайы ғаламдық сипат алатын болады. Халықаралық конференцияны өткізу білім трансфертіне ғана емес, сонымен қатар қосымша экономикалық ынталандыру көзіне айналады», - деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік бюросының директоры.

2015 жылы әлем бойынша бірінші рет Алматыда алғашқы медициналық- санитарлық көмек көрсету жөніндегі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының офисі ашылған еді. Осылайша, Қазақстан алғашқы медициналық- санитарлық көмек көрсету жөніндегі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірінің орталығына айналды. Алматы офисі құрамына 54 ел енетін ДДСҰ Еуропалық өңірі жаһандық деңгейіндегі денсаулық сақтаудың бастауыш бөлігінде жетекші рөл атқарады.