Бауыржан Байбек «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауында азаматтарды қабылдады

22 маусым 2017 жыл

«Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауындағы азаматтарды қабылдау барысында Алмалы ауданының тұрғыны Ирина Фурсова Алматы әкіміне қаңғыбас иттерді аулауда мейірімділік көрсету керектігін өтінді. Ол хайуанаттарға және көшедегі қаңғыбас иттерге қатыгездік танытқандарға қоғамның дереу елең ететінін айтты.

«Хайуанаттарды қорғайтын «Мейрімді қала» белсенділері иесіз иттердің санын реттеуге қатысты бағдарлама жасады. Оны жасау барысында халықаралық нұсқаулар басшылыққа алынды. Болашақта бұл істің мәдени сипат алатынына сенімдіміз. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға қала билігі көмектеседі деген ниеттеміз», - деді И.Фурсова.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасына осы бағыттағы шараларды кешенді жүргізуді, «Мейірімді қала» белсенділерімен қоян - қолтық жұмыс жасауды тапсырды.

«Алматы – үкіметтік емес ұйымдар мен белсенді азаматтар қаласы, сондықтан хайуанаттар мәселесін мәдени жолмен шешудің шараларын бірге іздестірген жөн. Түрлі тыңдаулар ұйымдастырып, нақтылы әрі кешенді жол картасын жасап, хайуанаттарды дұрыс жағдайда ұстау үшін қажетті қаржы бөлу қажет», - деді Б.Байбек.

Жетісу ауданының тұрғыны Валентина Гутова көшедегі жабайы сауда мен учаскелік полиция жұмысына шағымданды. Алматы әкімі бұл мәселені тексеруді тапсырды.

«Тірек пункті жұмыс істемейді, жабайы сауда өршіп тұр. Аулаларда арақ ішетіндер көп. Жарық жоқтың қасы, түнде машиналарды бұзып, ашып жатады», - деді В. Гутова.

Бауыржан Байбек оның сауалына Айнабұлақ және Тастақ ықшам аудандарын аралайтынын айтты. Алматы әкімі кезекті жұмыс сапарында аталған елді мекендердегі жолдың, тротуарлардың, көше жарығының, өтпелі жолдардың, аулааралық аймақтардың жай-күйін тексеретін болады.

Қалқаман елді мекенінің тұрғыны Динара Ахметқалиева Райымбек даңғылы бойындағы өтпелі жолдардың сапасына көңілі толмайтындығын айтты. Алматы әкімі өтпелі жолдарды қайтадан коммуналды меншікке алу шараларын қарастыруды, жолдарды сапалы жөндеуді, антивандальды камералар қоюды тапсырды. Қалқаман -2 елді мекенінің тұрғындары Амангелді Кармен мен Аида Жасыбаеваның суға қатысты айтқан шағымынан соң Алматы әкімі су желілерінің барлығын «Алматы Су холдингінің» балансына алуды, Алмалы ауданының тұрғыны Анна Шелепованың өтінішіне орай Алмалы ауданындағы балалардың спорт алаңын абаттандыруды тапсырды.