Алматыда мектеп бітірушілердің дәстүрлі «Жас түлек-2017» фестивалі өтті

14 маусым 2017 жыл

Алматыда орта жалпы білім беретін мектепті бітірушілердің жыл сайынғы дәстүрлі «Жас түлек-2017» фестивалі өтті.

Биылғы жылы қалада орта білім туралы аттестатты 7 263 мектеп түлегі алады, олардың 413-і «Алтын белгінің», 627-і үздік аттестаттың үміткерлері.6 720 оқушы ҰБТ қатысуға құқылы екендіктерін дәлелдеді.

Алматылық оқушылар 12 жыл қатарынан республикалық олимпиадада бірінші командалық орынды иеленуде. Оқушылардың республикалық ғылыми жарыстарында 15-ші рет жеңімпаз атанса, математика, физика, химия және биология пәндерінен 11-ші сынып оқушылары арасында өткен Президенттің олимпиадасында 4-ші рет жеңіс тұғырына көтерілді. Халықаралық интеллектуалды олимпиадалар мен ғылыми жарыстар кезінде біздің оқушылар шетелдік құрдастарына салмақты бәсекелес болуда. Мегаполис қоржынына тек 2017 жылдың өзінде ғана 59 алтын, 75 күміс, 90 қола медаль түсті.

Атап өтерлік жайт, Алматыда тек соңғы 5 жыл ішінде білім саласын қаржыландыру 15 млрд. теңгеге өсіп, 62,7 млрд. теңгені құрады.Биыл қаланың барлық мектептерінде физика, химия, биология кабинеттері болады, лингафонды-мультимедийлі кешендер жұмыс істейді, мектептер кеңжолақты ғаламторға 100% қосылған. Қалада білім беру саласының 88 жаңа объектілері мен мектеп жанынан қосалқы нысандар салынған. Олардың барлығы заманауи қондырғылармен жабдықталған.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы 254 түлек «Алтын белгі» алған еді. Өткен жылы орта білім жөніндегі атестатты 6810 түлек иеленді, олардың 300 -ден астамы оқу үздіктері.