Алматы әкімі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлердің құрылыс барысын тексерді

8 маусым 2017 жыл

Алматы әкімі Бауыржан Байбек «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан «Әйгерім-2», «Саялы» ықшам аудандарындағы тұрғын үй құрылыстарының барысымен танысты. Сонымен қатар, мегаполистің Алатау ауданында бой көтеретін 7000 орынды мешіттің, ашық жеңілатлетикалық стадионның құрылыстарын тексерді.

Шара барысында қала басшысы жайлылығы 4 сыныпты тұрғын үйлер жергілікті атқару органдарында кезекте тұрғандар мен «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» салымшылары үшін салынып жатқанын айтты.

Мәселен, биылғы жылы «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкінің» 1784 алматылық салымшысы пәтер құнының 30 пайызын жинаса 23 жылға дейін жылына бес пайыздық төлеммен пәтерін ала алады. Жыл аяғына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 5 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі, олардың басым көпшілігі кейін сатып алуға болатын жалдамалы пәтерлер және КИК пен «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» АҚ жобасы бойынша берілетін үйлер.

Қазіргі кезде барлық тұрғын үйлерге қажетті инфрақұрылым - газ, су және электр желілері тартылған. Үйлердің алдына балалардың ойын және спорт алаңдары, шаруашылық аймағы мен көлік тұрақтары салынады. Бұлардан өзге «Туған жер» бағдарламасы бойынша «Артемида ЛТД»ЖШС компаниясы 640 орынды екі бала бақша салып, кейін оны қаланың коммуналды меншігіне өткізетін болады.

Қала әкімі «Almaty Arena» мұз сарайының артында салынып жатқан жеңілатлетикалық стадион құрылысын да көрді. Бұл нысан кәсіпкерлер қаржысына салынуда. Объект биылғы жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға беріледі. Стадионда футбол алаңы,400 метрлік алты айналымдық және 100 метрлік жүгіру жолы, шестпен секіретін сектор және басқалары бар. Көрермендар мен жанкүйерлер үшін 300 орынды трибуна қойылатын болады.