Алматы әкімі Доминикан Республикасының сыртқы істер министрімен кездесті

7 маусым 2017 жыл

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Доминикан Республикасының сыртқы істер министрі Мигель Октавио Варгас Мальдонадомен кездесті. Тараптар мәдениет, туризм, инвестиция салалары бойынша ынтымақтастықты арттыру мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Доминикан Республикасы СІМ басшысының Қазақстанға алғашқы сапары екі ел арасындағы өзара байланысты дамытуға ықпал ететіні айтылды. М.Варгас Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықралық көрмесінің жоғары деңгейде өтетінін, оған Доминикан Республикасының да қатысатынын сөз етті.

«Алматы қаржылық өңір орталығы, жеке капитал және сауда қаласы ретінде танымал, біздің делегация құрамында банкирлер, өндірісшілер бар, нақтылы инвестициялық жобалар туралы талқылауға мүмкіндік жеткілікті», - деді ол.

Доминикан Республикасы СІМ-нің басшысы Алматы әкімін өз еліне ресми сапармен келуге шақырды, болашақта Санто-Доминго мен Алматының бауырлас қалаларға айналатындығына және екі қала арасында мәдени байланыстың мықтап орнығатынына сенім білдірді, «Смарт сити» бағдарламасы аясында тәжірбие алмасуға болатындығын айтты.

Кездесу барысында шетелдік делегацияға Алатау ауданындағы индустриалды аймақтың, «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА мен инвесторларға бір терезе қағидасы бойынша қызмет көрсететін Орталықтың әлеуеті көрсетілді.