Алматы әкімі қаладағы жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесті

30 мамыр 2017 жыл

Алматы әкімі Бауыржан Байбек жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесті. Жиын барысында студенттердің жатақханаларда әлеуметтік – тұрмыстық жғадайларын және жастардың мегаполис өміріне бейімделуін жақсарту, оқушылар арасында қылмыс жасаудың алдын алу сияқты өзекті мәселелер талқыланды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2017 жыл Алматыда «Жастар жылы» деп жарияланды. Қалада жастардың үлес салмағы жыл санап артып келеді. Сондықтан оларды жұмысқа орналастыру және қажетті жағдайлар жасау біз үшін бірінші кезекті міндеттер болып табылады. Жүргізілген сараптама қорытындысы бойынша нақтылы индикаторлары, жауапты адамдары және бөлінетін қаржысы бар «Жастарды 2020 жылға дейін қолдаудың Жол картасы» жасалды. Бұл жастарға теңдессіз қолдау көрсету болып табылады, нақтылы шараларды жүзеге асыруға 7,5 млрд. теңге бөлінді», - деді Б.Байбек.

Бүгінгі күні Алматы еліміздің әр аймақтарынан келетін жастардың миграциялық орталығына айналған. Жүргізілген зерттеу нәтижесінде анықталғаны, бірқатар оқу орындарында сырттан келген студенттер жатақханамен қамтамасыз етілмеген, бөлемелердегі тұрғындар саны өте тығыз әрі көптеген төзгізісз кемшіліктер орын алған. 38 жоғары оқу орындарының небәрі 29 жатақханасы бар. Жалпы 94 студентік жатақхана жұмыс істейді, бұлардағы тұрғындар саны мөлшерден тыс көп, ғаламтор жеткіліксіз, өрт қауіпсіздігі сақталмайды, басқа да келеңсіздіктер жетіп артылады. Мегаполис басшысы каникул кездерінде студенттік жатақханалардағы орын алған барлық кемшіліктерді жоюды және студенттер арасында жатақханадан орын бөлуді ашық жүргізуді талап етті.

Өз кезектерінде жоғары оқу орындарының басшылары жастарға қатысты жасалған Жол картасын жүзеге асыруға жұмыла кірісетіндіктерін, өз тараптарынан жаңа оқу жылы басталғанша барлық жатақханаларға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізетіндіктерін айтты. Олардың әрқайсысы студенттердің әлеуметтік- тұрмыстық жағдайларын жақсарту мақсатында санитарлық-гигиеналық нормалардың сақталуына бақылауды күшейтіп, студенттер тұратын жерлерде қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, оқу үздіктері, жетім студенттер мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар оқушылары үшін жатақханада тұрудың жеңілдетілген жүйесін жасайтындықтарын айтты.

Естеріңізіге сала кетейік, Жастарға қолдау көрсетудің Жол картасы бойынша Алматыда бес бағыт қамтылған. Яғни, білім саласында сыбайластыққа қарсы күрес бойынша жоо-ның рейтінгін белгілеуді енгізу, тегін білім беру бағдарламасы бойынша 2,5 жыл ішінде 2500 адамды оқыту жоспарланған. ЖОО мен коллдеждерге студенттік жатақханалар салу үшін көмек көрсетіледі. Жастарға қатысты жасалған бағдарламада жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің механизмдерін жасау және қажетті қаржы бөлу де қарастырылған. Жастар практикасының квотасын және 6 мыңнан асатын адамның кәсіби біліктілігін арттыру да жоспарланған. Сырттан келген жастармен жұмыс істеу орталығы,Карьера орталығы, Жатақханалардағы кураторлық орталықтары жұмыс істейтін болады.