Қазақ күресі бойынша өткен «Алматы Барысы» турнирінің жеңімпаздары анықталды

29 мамыр 2017 жыл

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында мегаполистің 8 ауданынан 24 палуан қатысқан қазақ күресі бойынша «Алматы Барысы» турнирі өтті.

Чемпионның алтын белбеуі мен көлік кілтін Наурызбай ауданының палуаны Руслан Әбдіразақов жеңіп алды. Екінші орынды Бостандық ауданының өкілі Дәурен Нуралинов иеленді. Екі спортшы да Астанада шілде айында өтетін «Қазақстан барысы - 2017» республикалық турнирінде Алматы қаласының атынан бәсекеге түсетін болады. 2016 жылы «Алматы барысының» жеңімпазы атанған Наурызбай ауданының спортшысы Виктор Демьяненко үшінші орынға көтерілді.

Атап өтерлік жайт, Алматыда ұлттық спорт түрлерінен, соның ішінде көкпардан, аударыспақ пен теңге ілуден, асық және жамбы атудан, қазақ күресінен жарыстар жиі өтіп келеді. Мысалы, мамырда орталық ипподромда Қазақстанның әр аймағынан спортшылар қатысқан «Ұлы дала ойындары» республикалыцқ фестивалі өтті. Соңғы екі жыл ішінде «Алатау» дәстүрлі өнер театры, дәстүрлі музыканың мультимедиялық орталығы және қолөнершілердің жаңа орталығы ашылды.