Алматылық зиялы қауым президенттің "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласына пікір білдірді

22 қараша 2018 жыл

Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" атты жаңа мақаласы алматылық зиялы қауым тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Тарихи сананы жаңғыртудың басты бағыттарын Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарының профессорлары, тарихшылар, жазушылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері талқылады.

Алматылық зиялы қауым президенттің "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласына пікір білдіруде

Алматылық зиялы қауым президенттің "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласына пікір білдіруде

 

Талас Омарбеков – тарих ғылымының докторы, ҚР ҰҒА құрметті академигі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры.

«Осындай үлкен маңызы бар мақаланы біз көптен бері күткен болатынбыз. Тәуелсіздік жылдарында Елбасымыз ұлттық тарихты әрқашан қолдап келе жатыр. Еліміздегі зиялы қауым құрметтейтін, барлығымызға белгілі Президенттің «Тарих толқынында» атты кітабы бар. Осыған қоса «Халық тарих толқынында», «Мәдени мұра» және «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалар халық арасында кеңінен қолдау тапты. Ал енді міне бүгінгі Президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы ұлттық тарихымызды терең және объективті түрде тануға жаңа бағыт-бағдар болатыны анық. Осы бағытта біз қазақтың түп-тамырын анықтауымыз хақ!»

Мәмбет Қойгелдиев – тарихшы-ғалым, тарих ғылымының докторы, ҚР ҰҒА профессоры

«Елбасымыз жалпы ел тарихы мәселесіне көп көңіл бөлетінін атап өткен жөн. Бүгінгі «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала осыған дәлел! Президенттің мақаласында біз қазақ тарихын тереңірек оқып білетін боламыз. Атап өткен жөн болар, біз Кеңес заманындағы репрессиялау саясаттың арқасында тарихи шындықтан алыстап кеттік. Біз ендігі сол дерттен енді-енді арылып келе жатырмыз. Тарихшы ретінде мен Елбасымыздың «Архив-2025» жобасын жүзеге асыру туралы ұсынысын толықтай қолдаймын. Біз халқымызға өзіндік тарихымызды қайтаруымыз керек, оны қалың елге, әсіресе жастарымызға жеткізуіміз керек!»

Алматылық зиялы қауым президенттің "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласына пікір білдіруде

Алматылық зиялы қауым президенттің "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласына пікір білдіруде

 

Кенжехан Матыжанов – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын екі рет оқып шықтым. Бұл мақала Елбасы жалпы адамзат тарихы мен өзіміздің төл тарихымызға мүлдем жаңа көзқарас ұсынып отыр. Әлем елдерінде өздерінің ежелгі тарихына деген көзқарастары қалыптасқан. Соның ішінде империялық көзқарас, шығыс халқының өз тарихына деген көзқарасы, еуроцентристік көзқарас деген болады. Осы әлемдік тарихи көзқарастарды сараптай келіп, бұл мақала тарихқа деген жаңа тұжырымдамалық көзқарас дер едім. Әлемнің тарихы шағын мемлекеттің немесе ұлттың тарихымен өлшенбейді. Тарих дүниенің, жердің тарихымен тығыз байланысты дүние. Әр өркениеттің мысалы, Рим, Жапон, Америка елдерінің өз ерекшеліктері бар. Өркениеттердің барлығы көнеден келе жатыр. Сонда біздің Ұлы даланың тарихы қайда қалды? Адамзаттың тарихында Ұлы дала адамзаттың өркениетіне не берді, қандай жаңалық әкелді? Біздің сол өркениеттен алатын орнымыз қандай? Елбасы осы мәселелер төңірегінде сұрақ қойып, жауабын осы еңбекте тұжырымдап береді. Бұл тарихқа деген жаңа тұжырымдамалық көзқарас. Бұрынғы біздің тарихи санамыздың барлығы ол басыбайлы көзқарас, тәуелді елдің көзқарасы болып келді. Ал бұл еңбекте Елбасы тарихқа тәуелсіз көзбен қарауға шақырды»

Бексұлтан Нұржекеев – Қазақстан Республикасының халық жазушысы

«Бұл мақаланың маңызы біздегі атқарылған істердің барлығын қорытындылау емес, болашаққа бағыт-бағдар беріп отырған дүние. Осы тұрғыдан алғанда бұл тарихшыларға, зиялы қауымға бәрімізге керек мақала болып отыр. Елбасы бұл мәселеге ежелден көңіл бөліп келеді. Елдің бірлігі тарихты білгенде ғана шын бірлік болады. Жалған тарихта бірлік те, рух та болмайды. Қазақ еліне рух керек. Рухты тек шындық әкеледі. Біз үш жүзге бөлінбейміз. Біз үш бауырдан тараймыз.Тарих осыдан басталу керек. Біз ең тату, ең бауырмал халық болуға тиіспіз.Тарихшылар осы жөнінде айтып отыру керек. Тарихты білмей бірігу мүмкін емес»

Алматылық зиялы қауым президенттің "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласына пікір білдіруде

Алматылық зиялы қауым президенттің "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласына пікір білдіруде

 

Меңдігүл Ноғайбаева – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің тарих факультетінің деканы

«Бүгін Елбасымыздың мақаласын оқып, тарихшы ретінде біздің саламызға қатысты маңызды бағыттарды атап өткім келеді.

Біз – тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстанның жаңа дәуірге қадам басқан ұрпағымыз. Президент өз мақаласында ата-бабаларымыздан мұра болып қалған тарихымыз біздің шығармашылығымыздың бастауы екендігін айтып кетті. Біз бұрыңғы жетістіктерімізге қарап, болашаққа қарай сенімді қадам басуымыз керек.

Алматылық зиялы қауым президенттің "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласына пікір білдіруде

Алматылық зиялы қауым президенттің "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласына пікір білдіруде

Адамзат тарихы ауылшаруашылығы және қоныстанған мәдениет өркениетіне бөлінсе, біздің халық атқа міну және жылқы шаруашылығы мәдениеті өркениетінің өкілі. Бұл жаңалық – жалпы адамзат тарихындағы инновациялық импульс деп білемін. Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткен жеті бөлімнің символикалық мәні бар. Олардан бағдар алып тарихымыздың елімізді алға бастаушы, дамытушы рөлін барынша насихаттауымыз қажет.

Бұл тек қана тарихшылардың міндеті емес, жазушылар, суретшілер, музыканттар мен кинорежиссерлердің де аталған жұмысқа ат салысуы өте маңызды. Қазіргі жастар өкінішке орай, қандай-да бір ақпаратты кітаптан емес, интернет немесе өнердің жаңа түрлерінен алатыны барлығымызға анық. Егер, танымал блокбастерлер мен фэнтези жанрындағы заманауи элементтерді қолдана отырып, тарихи фильмдер түсірілсе, жаңа технологиялардың көмегімен заманауи ерекше көрмелер ұйымдастырылса, біздің жас ұрпағымыздың қызығушылығын тудыратын еді деп ойлаймын.»