Алматыда АҚШ-тың сауда миссиясы болды

26 қазан 2018 жыл

АҚШ-тың сауда министрлігі құрамына елшілік корпустарының, мұнай-газ саласындағы американдық жетекші компаниялардың, консалтингтік қызмет, құрылыс және басқа салалар өкілдері енген сауда миссиясымен Алматыда болды.

Миссия өкілдерін қарсы алған мегаполис әкімі Бауыржан Байбек Алматының бизнес пен жеке капитал қаласы екенін, мұнда ірі халықаралық ұйымдар мен 60-тан астам трансұлттық компаниялардың, еліміз банктері мен сақтандыру компанияларының бас офистерінің 90%-ның, 29 консулдық пен сауда өкілдіктерінің орналасқанын айтты. Осыдан екі күн бұрын ғана БҰҰ-ның Үйі ашылды. Халықаралық мектептер мен университеттер жемісті жұмыс істеуде, заманауи медициналық кластер құрылуда. Бүгінгі күні Алматы әлемдік экономиканың 70% құрайтын 600 мегаполистің қатарында.

«Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Алматыда тұрақты әрі жедел қарқынды дамыған экономика қалыптасты. Біздің қаламыз инвестиция үшін тартымды. 10 жыл ішінде Алматының тек өнімді өңдеу өндірісіне 3,3 млрд. доллар шетелдік инвестиция тартылды. Қыркүйек айында жапондық, ресейлік, итальяндық және қытайлық инвестициямен төрт жоғары технологиялы зауыттар іске қосылды. Қалада түрі салаларда американдық капиталмен 168 компания жұмыс істейді, тауар айналымы да жоғары, алайда екіжақты байланыстың мүмкіндігі әлі де толық пайданылмай келеді. Мұндай алқалы делегацияның Алматыға келуі алғаш рет, сондықтан біз американдық компанияларға толық қолдау көрсетеміз», - деді Бауыржан Байбек.

Өз кезегінде Алматыдағы АҚШ-тың Бас консулы Эрик Майер Алматы Астанамен бірге елдің ғана емес, сонымен қатар барша Орта Азия өңірінің кәсіпкерлік және инновациялық хабы екенін атап өтті.

«Біз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың түрлі және инновациялы экономиканы өркендету жолындағы саясатын қолдаймыз. Бүкіләлемдік банктің «Бизнесті жүргізу» есебі бойынша биылғы жылы 36-шы орынға көтерілген Қазақстан бизнес- ахуалды жақсартуда. Алматы және Астана осы бастамалардың авангарды болуда. Бұл Қазақстан үшін ғана емес, сонымен қатар Орта Азияның барлық өңірлері үшін бизнес пен инновация орталығы», - деп атап өтті Эрик Майер.

Шара барысында американдық компаниялар өкілдері Алматының инвестициялық мүмкіндіктерімен танысты және жергілікті іскерлік орта өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.