«Тұлпар мініп, ту алған!» әдеби және тарихи-танымдық байқауының ЕРЕЖЕСІ

17 мамыр 2018 жыл

1. Жалпы ереже

1.1. «Тұлпар мініп, ту алған!» әдеби және тарихи-танымдық байқауы (бұдан әрі — Байқау) Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылады.

1.2. Байқау Алматы қаласында өткізіледі.

1.3. Байқауға оқыту тіліне қарамастан, мемлекеттік және мемлекеттік емес жалпы орта білім беретін мектептердің, лицейлердің, гимназиялардың және жалпы білім беретін ұйымдардың 6-10 сыныптарының оқушылары қатыса алады.

1.4. Байқау – қазақ халқының батырлық эпостарын жатқа айту бойынша өтетін іс-шара. Байқау аясында қатысушыларға «Алпамыс батыр» жырын жатқа айту, жырда кездесетін көнерген сөздердің мән-мазмұнын түсіндіру, мектеп бағдарламасы бойынша қазақ әдебиеті пәнінің оқу бағдарламасы негізінде әзірленген сұрақтарға жауап беру тапсырылады.

1.5. Осы Ереже Байқау шаралары аяқталғанға дейін қолданыс күшін жоймайды.

1.6. «Алпамыс батыр» жырының электронды нұсқасы және қосымша ақпарат almaty-akshamy.kz, edualmaty.kz, anatili-almaty.kz және uvp.almaty.kz ресми сайттарында жарияланады.

 

2.  Байқаудың мақсаты мен міндеттері:

- балалар арасында кітап оқуды, оның ішінде қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау;

- өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға жағдай жасау;

- балаларды халық поэзиясына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухын, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулу;

- балалардың әдебиетке, көркем әдебиетке деген сүйіспеншілігін ояту;

-дарынды балаларды анықтау және оларға қолдау жасау, өз таланттарын көрсетуге мүмкіндік беру;

- өнерлі жастарды халық арасында таныту;

- қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеру.

 

3. Ұйымдастыру комитетінің қызметі

3.1. Байқауды Алматы қаласы әкімдігінің тапсырысымен «R-Media» компаниясы Ұйымдастыру комитетімен келісе отырып жүзеге асырады. Ұйымдастыру комитетінің құрамына Алматы қаласы Ішкі саясат, Білім, Тілдерді дамыту басқармалары мен «R-Media» компаниясының өкілдері кіреді.

3.2. Ұйымдастыру комитеті өкілеттілігі:

- Байқаудың өткізілу шарттары мен Ережесін бекітеді;

- Қазақстан Республикасының қоғам, әдебиет, жалпы білім саласы қайраткерлері мен ғалым-әдебиетшілерден тұратын Байқаудың әділқазылар алқасын бекітеді;

- Қазылар алқасының жұмысын үйлестіреді;

- Қатысушыларға қалалық деңгейде ұсынылатын сұрақ­тарды әзірлейді.

 

4. Байқауды өткізу деңгейлері, тәртібі мен шарттары:

4.1. Байқау екі деңгейден тұрады:

-  аудандық деңгей (2018 жылдың 15 қыркүйегіне дейін).

- қалалық деңгей (мәре) (2018 жылдың 28 қыркүйек. Өткізілу орны — Алматы қаласы).

4.2. Аудандық деңгей. Қатысушылар Ұйымдастыру комитетіне 2018 жылдың 25 мамырына дейін сұраныс хат жіберуі тиіс.

Сұраныста көрсетілуі керек:

- қатысушының және ұстазының аты-жөні;

- толық мекен-жайы;

- мектебі;

- байланыс телефоны, e-mail.

Байқауға қатысуға сұраныстар мына электронды пошта арқылы қабылданады: almaty.baiqau@gmail.com

4.2.1. Байқауға қатысушылар «Алпамыс батыр» жырын жатқа айту бойынша жарысады.

Байқау 3 кезең бойынша өрбиді:

а) жыр айтудан сайыс;

ә) сұрақ-жауап (жыр ішіндегі жекелеген оқиғалар мен жер-су атауларына қатысты сұрақтар);

б) жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашу, түсіндіру.

4.2.2. Аудандық деңгейде жүлделі үш орынға ие болған 3 оқушыға қалалық Байқауға қатысуға жолдама беріледі.

4.2.3. Қалалық деңгейге жолдама алған қатысушылар Ұйымдастыру комитетіне 2018 жылдың 17 қыркүйегіне дейін сұраныс хат жіберуі тиіс.

 

4.3. Қалалық деңгей.

4.3.1. Бірінші кезең. Сахнаға шығу реті жеребе арқылы алдын-ала  анықталып, сахнаға екі қатысушыдан шығарылады. Қазылар алқасы жас жыршыны кез келген сәтте тоқтатқанда, келесі қатысушы жырды әрі қарай жалғастыра жөнелуге дайын болуы керек немесе қазылар алқасы жыр ішіндегі оқиғалар желісі бойынша жалғастыруды (талап еткен жағдайда сол жерден жалғастыруы тиіс) ұсынуға құқылы.

4.3.2. Екінші кезең. Қатысушыларға сұрақ билет түрінде   беріледі, әр билетте екі сұрақтан болады (6-10 сыныптың қазақ әдебиеті оқулығы бойынша әзірленеді).

4.3.3. Үшінші кезең. Алдын ала БАҚ-та жарияланған тақырыптар бойынша Эссе жазу (тақырыптар билет түрінде беріледі).

4.4. Сұрақтар алдын-ала «Алматы ақшамы» газетінің ресми сайтында жарияланады. Алайда, билетте сұрақтардың берілу формасы өзгергенімен, мазмұны сақталады.

 

5. Бағалау критерийлері:

5.1. Қатысушылардың өнері 5 балдық жүйемен бағаланады.

І кезең бойынша

5.2. Қатысушының шығарманы оқу мәнеріне және әртістік шеберлігіне назар аударылады, яғни батырлар жырын нақышына келтіріп, жыршылар мақамымен екпіндетіп, төгілдіріп жырлауы ескеріледі. Жырды айту барысында қатысушы 3 рет мүдірсе, байқаудан шығарылады, ал, жеңгені келесі кезеңге өтеді.

ІІ- ІІІ кезеңдер бойынша

 5.3. Қазылар алқасы оқушының білімін тексеру үшін қосымша сұрақтар қояды.

Жеңімпаздарды анықтау

5.4. Қалалық деңгейдегі қорытынды – ІІІ-ші Эссе жазу кезеңі бойынша қазылар алқасы шығармалардың орфографиялық, стилистикалық және көркемдік ерекшеліктерін ескере отырып, дауыс беру арқылы жеңімпаздарды анықтайды.

 

6. Қазылар алқасы:

6.1. Байқауға қатысушылардың өнерін бағалау үшін қазылар алқасы құрылады.

6.2. Қазылар алқасының шешімі түбегейлі болып табылады және қайта қаралмайды.

6.3. Қазылар алқасы қатысушылардың әрбір мүдіргенін қалт жібермей, белгілеп отыруы тиіс.

6.4. Қазылар алқасының шешімі хаттама түрінде рәсімделеді және оған барлық мүшелері қол қояды. Дауыстар саны тең түскен жағдайда қазылар алқасының төрағасы шешуші дауысқа ие болады.

6.5. Қазылар алқасының шешімі талқылауға жатпайды.

 

7. Марапаттау

7.1. Аудандық деңгейдегі Байқаудың жүлделі орын иегерлері және олардың ұстаздары «Тұлпар мініп, ту алған!» әдеби және тарихи-танымдық байқауының аудандық кезең жеңімпазы» дипломымен марапатталады. Аудандық деңгейде 1, 2, 3 орын алған жеңімпаздар Байқаудың қалалық деңгейіне өтеді.

7.2. Қалалық «Тұлпар мініп, ту алған!» әдеби және тарихи-танымдық байқауының жеңімпаздары да, оқушыларды Байқауға дайындаған ұстаздары да арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталады.

7.3. Байқауда келесідей орындар беріледі:

Оқушылар үшін:

І орын (біреу) – 1 500 000 теңге;

ІІ орын (біреу) – 1 000 000 теңге;

ІІІ орын (біреу) – 500 000 теңге.

Ұстаздар  үшін:

І орын (біреу) – Шетелде ағылшын тілі курсынан өтуге жолдама беріледі (3 ай, Ұлыбритания, Оксфорд);

ІІ орын (біреу) – Шетелде ағылшын тілі курсынан өтуге жолдама беріледі (2 ай, Ұлыбритания, Оксфорд);

ІІІ орын (біреу) – Шетелде ағылшын тілі курсынан өтуге жолдама беріледі (1 ай, Ұлыбритания, Оксфорд).

Сонымен қатар, жүлделі орынға ие бола алмаса да,  көрермендер ықыласына бөленген 3 сайыскер мен олардың ұстаздарына ынталандыру сыйлықтары беріледі.

Байқау Ережесіне өзгерістер енгізілсе almaty-akshamy.kz, edualmaty.kz, anatili-almaty.kz және uvp.almaty.kz ресми сайттары арқылы қосымша хабарланады.

 

Ұйымдастыру комитетінің мекен-жайы: 050000, Алматы қаласы, 
Н. Назарбаев даңғылы, 187-үй, 1-ші қабат, 3 каб. Тел.: +7(701) 303 86 64,+7(701) 543 61 27. e-mail: almaty.baiqau@gmail.com

Алпамыс батыр жырын келесі сілтеме арқылы жүктей аласыздар : ЖҮКТЕУ