Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы №873 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларын бекіту туралы» Қаулысы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы 873 Қаулысы

 

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының                      10-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидалары бекітілсін.

2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

 

 

Қазақстан Республикасы

Үкіметінің

2007 жылғы 2 қазандағы

№ 873 қаулысымен

бекітілген

 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидалары

1. Жалпы ережелер

1. Осы Қағидалар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (бұдан әрі – Конституциялық заң) сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) тәртібін айқындайды.

2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын пайдалану (орнату, орналастыру)

2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мынадай орындарда міндетті түрде көтеріледі (тігіледі, орналастырылады):

1) Қазақстан Республикасының Президенті Резиденциясының, Парламентінің, Сенат пен Мәжілістің, Үкіметтің, министрліктердің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Конституциялық Кеңестің, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергілікті соттарының, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекеттік ұйымдардың ғимараттарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы елшіліктерінің, халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілдіктерінің, сауда өкілдіктерінің, шетелдегі басқа да ресми мекемелерінің, шетелдегі мекемелерінің басшылары резиденцияларының ғимараттарында және сол мемлекеттің хаттамалық практикасына сәйкес көлік құралдарында – ұдайы;

2) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталары төрағаларының, Премьер-Министрдің, Мемлекеттік хатшының, Конституциялық Кеңес Төрағасының, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының және жергілікті соттары төрағаларының, Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының, Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің, министрліктердің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің басшыларының, жергілікті өкілді және атқарушы органдар басшыларының, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері басшыларының кабинеттерінде – ұдайы;

3) Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен және бөлек отырыстары, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының, Үкіметтің үйлестіру және жұмыс органдарының отырыстары өтетін залдарда, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің отырыс залдарында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергілікті соттарының сот мәжілісі залдарында, орталық және жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың алқа отырысы залдарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік және үкіметтік наградалары тапсырылатын залдарда, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің қабылдау залдарында, сондай-ақ бала тууды және некені тіркейтін үй-жайларда – ұдайы;

4) мемлекеттік органдардың ғимараттарында алғаш ашылған кезде, салтанатты жағдайда;

5) егер халықаралық құқық нормалары мен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген болса, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталары төрағаларының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің және олардың өкілетті өкілдерінің қатысуымен халықаралық форумдар өтетін ғимараттарда немесе үй-жайларда;

5-1) мемлекеттік заңды тұлғалардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы оларға қатысты жалғыз акционер (қатысушы) болып табылатын өзге де акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің мемлекеттік нышандарға арналған экспозиция үшін бөлінген үй-жайларда (үй-жайларының бір бөлігінде).

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы орналастырылатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандарына арналған экспозиция үшін бөлінген үй-жайлар (үй-жайларының бір бөлігі) әсем безендірілуге және шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, кіреберістен және киім ілетін бөлмелерден алыс орналасуға тиіс;

6) ресми адамдар ретінде Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының төрағалары, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мінген теңіз кемелерінде, ішкі жүзу кемелерінде және басқа да қозғалыс құралдарында;

7) Қазақстан Республикасында тіркелген кемелердің бұлқынындағы ту ретінде, белгіленген тәртіппен;

8) Қазақстан Республикасының әскери корабльдері мен кемелерінде әскери жарғыларға сәйкес;

9) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери құрамаларында, бөлімдерінде, бөлімшелерінде және мекемелерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мерекелері күндерінде, ант қабылдау кезінде;

10) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнін мерекелеу, ресми және салтанатты рәсімдер, спорттық іс-шаралар кезінде;

10-1) халықаралық ұйымдар өткізетін рәсімдер, салтанатты және спорттық іс-шаралар кезінде;

11) жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында - жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсімдері кезінде;

12) Қазақстан Республикасына мемлекеттік және ресми сапарлармен келген шет мемлекеттердің мемлекет басшыларымен, парламенттері мен үкіметтерінің басшыларымен кездесу кезінде.

3. Қарулы Күштердің құрамаларында, әскери бөлімдерінде, бөлімшелерінде, мекемелерінде және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Мемлекеттік Туды және оның бейнесін пайдалану (орнату, орналастыру) тәртібі жалпы әскери жарғыларда айқындалады.

4. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын патриоттық сезімді, қазақстандық бірегейлікті білдіру, елдің оның азаматтарының жетістіктерін көпшілік іс-шаралар және жеке іс-әрекеттер аясында қолдау мақсатында жеке және заңды тұлғалар пайдалануы (орнатуы, орналастыруы) мүмкін.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын ұлттық стандарттардың талаптарын бұза отырып пайдалануға жол берілмейді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын қорлауға арналған зат ретінде пайдалануға жол берілмейді.

5. Ғимараттарға тұрақты тігілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына тәуліктің қараңғы мерзімінде жарық түсіп тұруға тиіс.

6. Ұлттық аза тұтуға байланысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы аза тұту мерзімі ішінде ту тұғыр биіктігінің жартысына дейін төмен түсіріледі.

7. Осы Қағидалардың 2-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген лауазымды тұлғалардың кабинеттеріндегі, залдардағы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы (1х2 метр өлшеммен) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының сол жағында (тігіледі) орналастырылады.

8. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы оның көлеміне қарамастан ұлттық стандартқа сәйкес келуі тиіс.

9. Халықаралық форумдарды өткізу, сондай-ақ осы Қағидалардың                      2-тармағының 5) және 12) тармақшаларында көрсетілген Қазақстан Республикасына мемлекеттік және ресми сапарлармен келген шет мемлекеттердің мемлекет басшыларымен, парламенттері мен үкіметтерінің басшыларымен кездесу кезінде, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 12 қазандағы № 201 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хаттамасында және осы Ережеде көрсетілген тәртіппен көтеріледі (тігіледі, орналастырылады).

10. Осы Қағидалардың 2-тармағының 10) және 11) тармақшаларында көзделген рәсімдер және салтанатты іс-шаралар кезінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туы ту тұғырдан көтеріледі, ту тұғыр жоқ болған жағдайда: құрамында үш адам ту ұстаушы және екі сүйемелдеушісінен құралған ту көтеру тобының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын әкелу және әкету рәсімі пайдаланылады.

10-1. Осы Қағидалардың 2-тармағының 10-1) тармақшасында көзделген рәсімдер, салтанатты және спорттық іс-шараларды өткізу кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы Конституциялық Заңға, сондай-ақ сол мемлекеттік хаттамалық практикасына және жергілікті салт-дәстүрлерге сәйкес орналастырылады.

10-2. Спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер, бас жаттықтырушылар спорттық іс-шараларды ұйымдастырушылардың Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын орналастыру тәртібін сақтауын қамтамасыз етуге міндетті.

10-3. Шетелдік спортшылардың (командалардың) қатысуымен өтетін жарыстардың жүлдегерлерін марапаттау рәсімі кезінде өкілдері спорттық жарыстардың жүлдегерлері болып табылатын қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік тулары салтанатты түрде көтеріледі.

11. Осы Қағидалардың 2-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген ресми адамдар ретінде Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының төрағалары, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мінген қозғалыс құралдарында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туы ту тұғырдан (мачтада) көтеріледі.

12. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, шет мемлекеттердің, қоғамдық бірлестіктердің және басқа да ұйымдардың туларымен бір мезгілде көтергенде (тіккенде, орналастырғанда) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының көлемі басқа тулардың көлемінен кіші болмауға тиіс.

Бұл ретте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы басқа тулардан төмен орналастырылмайды.

13. Тулардың тақ санын бір уақытта көтергенде (тіккенде, орналастырғанда) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ортасында, ал жұп санды, бірақ екеуден көп туларды көтергенде (тіккенде, орналастырғанда) ортадан солға қарай орналастырылады.

13-1. Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктерді, консулдық мекемелерді, халықаралық ұйымдарды және (немесе) олардың өкілдіктерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын шетелдік ұйымдар мен өкілдіктер пайдаланатын шет мемлекеттердің тулары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туымен бір мезгілде орналастырылады.

14. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын бір және (немесе) көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулеттік ерекшеліктері ескеріледі және мынадай өлшемдер пайдаланылады:

1) алынып тасталды – ҚР Үкіметінің 2009.01.27. №63 Қаулысымен;

2) 1, 2, 3, 4, 5 қабатты (20 метрге дейін) ғимараттарда Мемлекеттік Ту               (1х2 метр өлшеммен) ғимараттың төбесінде немесе фронтонында немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада орналастырылады;

3) 6, 7, 8, 9 қабатты (30 метрге дейін) ғимараттарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ғимараттың төбесінде немесе фронтонында (1,5х3 метрден 2x4 метрге дейін өлшеммен) немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (1x2 метр өлшеммен) орналастырылады;

4) 9 қабаттан жоғары (30 метрден жоғары) ғимараттарда Мемлекеттік Ту ғимараттың төбесінде немесе фронтонында (2x4 метр және одан жоғары өлшеммен) немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (1х2 метр өлшеммен) орналастырылады.

Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 2009.01.27. № 63, 2012.11.30 № 1528 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулыларымен.

3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын пайдалану (орнату, орналастыру)

Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 31.12.2015 № 1187 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

15. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы міндетті түрде:

1) Қазақстан Республикасы Президенті Резиденциясының, Парламенттің, Сенат пен Мәжілістің, Үкіметтің, министрліктердің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергілікті соттарының, Қарулы Күштердің құрамаларының, әскери бөлімдерінің, бөлімшелері мен мекемелерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың ғимараттарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы елшіліктерінің, халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілдіктерінің, сауда өкілдіктерінің, шетелдегі басқа да ресми мекемелерінің, шетелдегі мекемелерінің басшылары резиденцияларының ғимараттарында - ұдайы;

2) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталары төрағаларының, Премьер-Министрдің, Мемлекеттік хатшының, Конституциялық Кеңес Төрағасының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының және жергілікті соттары төрағаларының, Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының, Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің, министрліктердің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің басшыларының, жергілікті өкілді және атқарушы органдар басшыларының, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері басшыларының кабинеттерінде – ұдайы;

3) Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен және бөлек отырыстары, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының, Үкіметтің үйлестіру және жұмыс органдарының отырыстары өтетін залдарда, Конституциялық Кеңестің отырыс залдарында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергілікті соттарының сот мәжілісі залдарында, орталық, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың алқа отырыстары залдарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік және үкіметтік наградалары тапсырылатын залдарда, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің қабылдау залдарында, сондай-ақ бала тууды және некені тіркейтін үй-жайларда – ұдайы;

4) мемлекеттік заңды тұлғалардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы оларға қатысты жалғыз акционер (қатысушы) болып табылатын өзге де акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің мемлекеттік нышандарға арналған экспозиция үшін бөлінген үй-жайларында (үй-жайларының бір бөлігінде) орналастырылады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы орналастырылатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандарына арналған экспозиция үшін бөлінген үй-жайлар (үй-жайлардың бір бөлігі) әсем безендірілуге және шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, кіре берістен және киім ілетін бөлмелерден алыс орналасуға тиіс.

Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 31.12.2015 № 1187 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

16. Қарулы Күштердің құрамаларында, әскери бөлімдерінде, бөлімшелерінде, мекемелерінде және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Мемлекеттік Елтаңбаны және оның бейнесін пайдалану (орнату, орналастыру) тәртібі жалпы әскери жарғыларда айқындалады.

Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 31.12.2015 № 1187 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

17. Ғимараттарға тұрақты тігілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасына тәуліктің қараңғы мерзімінде жарық түсіп тұруға тиіс.

18. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы оның көлеміне қарамастан ұлттық стандартқа сәйкес келуі тиіс.

Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 2012.11.30 № 1528 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

19. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдар елтаңбаларының геральдикалық негізі ретінде пайдалануға болмайды.

20. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы (диаметрі 500 миллиметр) кабинеттерде лауазымды тұлғаның жұмыс орнының арт жағындағы қабырғаға, осы Қағидалардың 15-тармағының 2), 3) тармақшаларында көрсетілген залдарда төрағалық етуші отыратын орынның арт жағында орналастырылады.

Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 31.12.2015 № 1187 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

21. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын бір және (немесе) көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулеттік ерекшеліктері ескеріледі және мынадай өлшемдер пайдаланылады:

1) бір қабатты ғимаратта Мемлекеттік Елтаңба (диаметрі 500 миллиметр) ғимараттың жабу деңгейінде немесе фронтонында немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада орналастырылады;

2) 2, 3, 4, 5 қабатты (20 метрге дейін) ғимараттарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы соңғы қабаттың жабу деңгейінде немесе фронтонында (диаметрі 1-ден 1,5 метрге дейін) немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (диаметрі 500 миллиметр) орналастырылады;

3) 6, 7, 8, 9 қабатты (30 метрге дейін) ғимараттарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы соңғы қабаттың жабу деңгейінде немесе фронтонында (диаметрі 2 метр) немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (диаметрі 500 миллиметр) орналастырылады;

4) 9 қабаттан жоғары (30 метрден жоғары) ғимараттарда Мемлекеттік Елтаңба соңғы қабаттың жабу деңгейінде немесе фронтонында (диаметрі 3 метр және одан жоғары) немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (500 миллиметр диаметрмен) орналастырылады.

Ескерту. 21-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.01.27. № 63, 2012.11.30 № 1528 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулыларымен.

4. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру);

Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.12.2015 № 1187 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

22. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының бейнесі міндетті түрде:

1) Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламенттің, Үкіметтің, министрліктердің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергілікті соттарының, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің веб-сайттарында;

2) Қазақстан Республикасының әуе кемелерінде, сондай-ақ ғарыш аппараттарында орналастырылады.

23. Осы Қағидалардың 20-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген әуе кемелерінде, ғарыш аппараттарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының бейнесі борттық айырым белгісі ретінде қолданылады.

Ескерту. 23-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 31.12.2015 № 1187 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

23-1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының бейнесі өзге де материалдық объектілерде орналастырылуы мүмкін.

Қағидалардың осы тармағының бірінші бөлігін қолдану мақсатында өзге материалдық объектілерге бір рет пайдаланылатын заттар жатпайды.

Ескерту. Қағида 23-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 31.12.2015 № 1187 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

24. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының бейнесі қоғамдық бірлестіктер мен өзге де ұйымдардың туларының геральдикалық негізі ретінде қолданылмайды.

25. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының бейнесі мемлекеттік наградалардың, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің банкноттары мен монеталарының элементі немесе геральдикалық негізі ретінде пайдаланылады.

26. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі міндетті түрде:

1) Қазақстан Республикасының Президенті мен оның Әкімшілігінің, Парламенттің, оның палаталары мен олардың аппараттарының, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталары Бюроларының, Үкіметтің және Премьер-Министр Кеңсесінің, министрліктердің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергілікті соттарының, Қарулы Күштердің әскери құрамаларының, бөлімдерінің, бөлімшелері мен мекемелерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, жергілікті өкілді, атқарушы органдардың және өзге де мемлекеттік ұйымдардың мөрлері мен құжаттарының бланкілерінде;

2) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Үкіметінің, Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Сотының ресми басылымдарында;

3) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің банкноттары мен монеталарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарында;

4) Қазақстан Республикасының азаматтарына берілетін жеке куәлікте, туу туралы куәлікте, паспортта және өзге де паспорттарда, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдар қызметкерлерінің қызметтік куәліктерінде;

5) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасына орнатылатын шекара бағаналарында;

6) Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламенттің, Үкіметтің, министрліктердің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергілікті соттарының, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің веб-сайттарында орналастырылады.

Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 31.12.2015 № 1187 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

27. Осы Қағидалардың 22-тармағының 1) тармақшасында және 26-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген веб-сайттарда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының, Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесін орналастыру кезінде мемлекеттік рәміздері бейнелерінің бірдеңгейлі орналастырылуының сақталуы, сондай-ақ олардың орналасу реті: Ту, Елтаңба, Гимн болуы тиіс.

Ескерту. 27-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 31.12.2015 № 1187 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

28. Осы Қағидалардың 26-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген мөрлер мен құжаттардың бланкілерінде, ресми басылымдарда орналастырылған Қазақстан Республикасы Елтаңбасының бейнелері ұлттық стандарттарға сәйкес келуі тиіс.

Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 2012.11.30 № 1528 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 31.12.2015 № 1187 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

29. Осы Қағидалардың 26-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің банкноттары мен монеталарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 желтоқсандағы № 1193 Жарлығымен бекітілген Ұлттық валюта – Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес орналастырылады.

Ескерту. 29-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 31.12.2015 № 1187 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

30. Осы Қағидалардың 26-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген құжаттарда орналастырылған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының бейнелері Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ ұлттық стандарттарға сәйкес келуі тиіс.

Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 2012.11.30 № 1528 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 31.12.2015 № 1187 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

31. Осы Қағидалардың 26-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасына орнатылатын шекара бағаналарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі "Қазақстан Республикасының шекаралық белгілері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 12 желтоқсандағы № 1528 қаулысына сәйкес орналастырылады. ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 8 қарашадағы № 1181 қаулысын қараңыз.

Ескерту. 31-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 31.12.2015 № 1187 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

32. Конституциялық заңда белгіленген жағдайлардан басқа, мемлекеттік емес ұйымдардың және олардың лауазымды адамдарының бланкілерінде, мөрлерінде және басқа да реквизиттерінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесін пайдалануға тыйым салынады.

33. Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі әскери немесе өзге де мемлекеттік қызмет атқаратын адамдар үшін белгіленген айырым белгілері мен нысанды киім үлгілерінде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларының элементі немесе геральдикалық негізі ретінде, сондай-ақ спортшылардың спорттық костюмдері мен басқа да спорттық керек-жарақтарына пайдалануы мүмкін.

34. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі өзге де материалдық объектілерде орналастырылуы мүмкін.

Қағидалардың осы тармағының бірінші бөлігін қолдану мақсатында өзге материалдық объектілерге бір рет пайдаланылатын заттар жатпайды.

Ескерту. 34-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 31.12.2015 № 1187 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

34-1. Мемлекеттік заңды тұлғалардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы оларға қатысты жалғыз акционер (қатысушы) болып табылатын өзге де акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің мемлекеттік нышандарға арналған экспозиция үшін бөлінген үй-жайларында (үй-жайларының бір бөлігінде) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің мәтіні міндетті түрде орналастырылады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің мәтіні орналастырылатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандарына арналған экспозиция үшін бөлінген үй-жайлар (үй-жайлардың бір бөлігі) әсем безендірілуге және шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, кіре берістен және киім ілетін бөлмелерден алыс орналасуға тиіс.

Ескерту. Қағида 34-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 31.12.2015 № 1187 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

34-2. Қарулы Күштердің құрамаларында, әскери бөлімдерінде, белімшелерінде, мекемелерінде және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындау және оның мәтінін пайдалану тәртібі жалпы әскери жарғыларда айқындалады.

Ескерту. Қағида 34-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 31.12.2015 № 1187 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

35. Мемлекеттік рәміздер бейнелері бар стенділер (плакаттар) салтанатты іс-шаралар өтетін көпшілік назарына қолжетімді жерлерде орнатылуы тиіс.

Ескерту. 35-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.30 № 1528 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

36. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының, Мемлекеттік Елтаңбасы мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимні мәтінінің бейнелерін стенділерге (плакаттарға) орналастырған кезде мемлекеттік рәміздер бейнелерінің бірдеңгейлі орналастырылуының сақталуы, сондай-ақ олардың орналасу реті: Ту, Елтаңба, Гимн болуы тиіс.

37. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының, Мемлекеттік Елтаңбасы мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимні мәтінінің бейнелері бар стенділер (плакаттар) әсем безендірілуі және шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, кіре берістен және киім ілетін бөлмелерден алыс орналасуы тиіс.