Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы Қазақстанға ресми сапары аясында Алматыда болды

14 наурыз 2018 жыл

Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы Чон Сэ Гюн бастаған парламент делегациясы Қазақстанға ресми сапары аясында Алматыда болды. Оңтүстік Корея делегациясы мегаполистің туристік әлеуетімен танысып, қала музейлерінде және мемлекеттік республикалық Корей театрында болды.

Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының басшысымен кездесу барысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек екі ел арасында жылы қарым- қатынастың орныққанынын, сауда- экономикалық ынтымақтастықтың арта түскенін атап өтті. Бүгінгі күні қалада Қазақстанның барлық этникалық корейлерінің үштен бірі тұрады, корейлік этномәдени бірлестіктер оң істерді жүзеге асыруда, «Корё Ильбо» атты республикалық корейік газеті шығуда.

«Мен Астанаға – сіздің елдің саяси орталығы және барынша жедел дамып келе жатқан бас қалаға аттанамын. Алматыда болуды ерекше қалайтынмын. Бұл қала өзінің дәстүрімен, тауларымен, тартымдылығымен қызықтырады. Енді менің әлемнің 10 сұлу қаласы жазылған жеке тізіміме Алматы да еніп отыр. Мегаполисте спорттың қысқы түрлерімен айналысу үшін барлық жағдайлар жасалған. Бұған дәлел қазақстандық спортшылардың 2018 жылы Пхенчханда өткен Олимпиада ойындарына қатысуы, мұнда біздің жанкүйерлеріміз Денис Тенге айрықша ілтипат білдірді», - деп атап өтті Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы Чон Сэ Гюн.

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда Корея Республикасы Қазақстанның 12 ірі сауда серіктестерінің қатарында. Алматы қаласында корейлік капиталмен сауда, құрылыс, жылжымайтын мүлік, телекоммуникация және басқа салаларда 290 кәсіпорын жұмыс істейді. 2017 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 1,7 млрд. АҚШ долларын құрады, өз кезегінде Алматыда тауар айналымы 16,7%ға артып, 163,1 млн. АҚШ долларына жетті.

Оңтүстік Корея делегациясымен бірге ҚР Мәжіліс Парламенті төрағасының орынбасары Владимир Божко, Сенат депутаты Георгий Ким, Мәжіліс депутаты Майра Айсина болды.