Алматы әкімі «Medical Excellence Japan» президентімен кездесті

1 ақпан 2018 жыл

«Алматы әкімі Бауыржан Байбек «Medical Excellence Japan» президенті Шузо Ямамотомен кездесті. Тараптар Орта Азиялық өңірде алғашқылардың бірі болып табылатын әрі онкологиялық ауруларды ерте анықтайтын жапондық медициналық диагностикалық орталық құрылысының біріккен жобасын жүзеге асыру мәселесін талқылады.

Ынтымақтастық жөнінде бұрын жасалған меморандум аясында қазақстандық – жапондық онкологиялық орталық ең озық технологиялармен жабдықталады әрі жобаның басты шарты жергілікті мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру болып табылады.

«Біз қазіргі кезде жапондық компанияларды, олардың инвестициялары мен технологияларын кеңінен тартудамыз, өйткені олар көптеген салаларда алдыңғы қатарда және кейбіреулерінің әлемде баламасы жоқ. Ең маңыздысы, орталықтың дұрыс жұмыс істеуі және алматылықтар мен жалпы өңір тұрғындары үшін сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетуі», - деді қала басшысы.

Өз кезегінде Шузо Ямамото Алматының Орта Азия бойынша жапондық медицина жетістіктерін экспорттаудың барынша жайлы әрі ұтымды орын ретінде таңдалғанын атап өтті.

«Жапонияда біз пациент үшін сырқттан емделмес бұрын жыл сайын диагностикадан өтуі пайдалы екенін болжадық. Осынау болжамға Алматы да түсіністікпен қарайды деп сенміз. Орталықтың концепциясын жобалау үшін Алматы тұрғындарының сырқаттарына қатысты статисткалық мәліметтерге сараптама жүргіземіз», - « Medical Excellence Japan» президенті Шузо Ямамото.

Жалпы үш жыл ішінде қалада бірқатар ірі медициналық нысандар салу жоспарланған, олардың ішінде жаңа онкологиялық орталық, перзентхана және халықаралық «Mount Sinai» госпиталі бар.

Айта кетерлігі, соңғы 2 жыл ішінде медицина мекемелерін жарақтандыру деңгейі 75%-ға жетті. Қалалық денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру барысында әр пациенттің электронды денсаулық паспортын енгізу, кем дегенде 35 жылжымалы модульді кешен арқасында орталықтандыруды іске асыру және Smart технологияны пайдаланып медицналық көмек сапасын арттыру жоспарланған.