Алматы әкімі Татарстан Премьер-министрінің орынбасарымен кездесті

25 қаңтар 2018 жыл

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Татарстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Василь Шайхразиевпен кездесті. Тараптар сауда- экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Мегаполис әкімі екі ел халықтарының тығыз мәдени және тарихи бауырластығы іскерлік байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Қазіргі кезде Қазақстанда шетелдегі саны жағынан ең көп екінші татар қоғамдастығы тұрады. Қаладағы үш этномәдени бірлестіктер мәдениетті, тілді, татар халқының дәстүрін дамытуда маңызды жұмыстарды жүзеге асырып, еліміздегі жалыпхалықтық бірлікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосуда.

Өз кезегінде Василь Шайхразиев Алматы мен Қазан арасындағы өңіраралық ынтымақтастықтың халықтар достығын нығайтуға және түрлі салалар бойынша тәжірибе алмасуға барынша ықпал етіп отырғанын айтты.

«Бүгін Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филорманияда өтетін татар музыкасының концерті жергілікті көрермендерді бай татар репертуарымен таныстырып, мәдени байланысты нығайта түседі», - деді Татарстан Премьер-министрінің орынбасары.

Кездесу барысында татарстандық делегацияға «бір терезе» қағидасы бойынша инвесторларға қызмет көрсететін Орталықтың, Индустриалды аймақ пен «ИТП» АЭА-ның және «Smart City» жобасының әлеуеттері көрсетілді.

Жалпы, тараптар туризмді дамыту, кәсіпкерлікке қолдау көрсету, білім, мәдениет және басқа аспектілерде ынтымақтастықты күшейту мәселелерін талқылады.