Алматы әкімі кереңдердің Халықаралық спорт комитетінің басшысымен кездесті

29 желтоқсан 2017 жыл

Алматы әкімі Бауыржан Байбек кереңдердің Халықаралық спорт комитетінің президенті Валерий Рухледевпен кездесті. Тараптар қалада 2019 жылы қысқы XIX Сурдлимпиада ойындарын өткізу мүмкіндіктерін талқылады.

Лозаннадан делегациямен бірге келген Валерий Рухледев қалада қысқы спорт түрлері, соның ішінде Сурдлимпиада ойындарын өткізу бойынша қажетті инфрақұрылымдардың бар екенін және сол арқылы мүмкіндігі шектеулі жандарды бұқаралық спортқа кеңінен тартуға болатындығын айтты.

«Біз Алматы қаласында салынған тамаша спорт инфрақұрылымымен таныстық. Нысандардың сәулеті және заманауи стандартқа сай жабдықталғаны ғана емес, обьектілердің ішін толтырған белсенді спорттық өмір де тәнті етті. Біз керлинг пен тау шаңығысы бойынша өткен республикалық жарыстарды, балалардың мәнерлеп сырғанау мен хоккей ойнау барысындағы жаттығуларын, сонымен қатар конкий мен шаңғыдан жаппай сырғанау сияқты шараларды көрдік. Осының барлығы және өте жоғары деңгейде өткен 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада бүгінгі күні Алматының әлемдік қысқы спорт орталығы екенін дәлелдейді», - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, Сурдлимпиадалар ойын өтетін қалалардың қоғамдық кеңістігін жасқартады. Мүмкіндігі шектеулі жандар үші арнайы пандустар, лифтар, тротуарлар, бағдаршамдар пайда болады немесе бұрыннан барлары қайта жаңғырады, арнайы белгілер, визуалды көрсеткіштер және көптеген басқалары орнатылады.

«Кереңдердің Халықаралық спорт комитетінің құрылғанына 94 жыл ішінде қысқы Сурдлимпиада ойындары Азия континентінде бірде – бір рет өтпеген екен. Көп жылдық тәжірибеден байқағанымыз, Сурдлимпиада ойындары өткен соң мүмкіндігі шектеулі жанждардың бойында денешынықтыру мен спортқа деген белсенділік арта түседі. Ойындар олардың ерік-жігерін, әлеуметтік өмірге деген қызығушылығын арттырады. Алматыдан өтінім түскен жоқ, бірақ біз қаланы осы ойындардың болып қалуы мүмкін астанасы санаймыз», - деп толықтырды ол өзінің сөзін.

Айта кетерлігі, қазіргі кезде қалада 44,1 мың мүгедек тұрады, олардың 5-мыңға жуығы құлағы нашар еститіндер. 2017 жылы мүгедектерге әлеуметтік көмек ретінде 4,1 млрд. теңге бөлінді

Сурдлимпиада ойындары – құлағы саңырау адамдардың спорттық жарысы, кереңдердің алғашқы Бүкіләлемдік ойындары 1924 жылы Парижде өткен болатын.