Алматыда балалар үйлерінің 200-ден астам тәрбиеленушілері Президенттік жаңа жыл шыршасына қатысты

22 желтоқсан 2017 жыл

Республика сарайында Қазақстан Республикасы Президентінің атынан «Менің мақтанышым - Астана» атты жаңа жылдық шырша өтіп, оған балалар үйлерінің 200-ден астам тәрбиеленушілері мен ата-ана қарауынсыз қалған балалар қатысты. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің бейнеүндеуінде кішкентай алматылықтарды алдағы мерекемен құттықтады.

«Қымбатты балалар! Баршамыз асыға күтетін жарқын мереке - жаңа жылға санаулы күндер қалды. Мен сендерді келе жатқан жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Бұл сендердің мерекелерің - қызықты сәттердің, ертегілер мен сыйлықтардың кезі. Барлығың жақсы оқып, спорттық жетістіктерге жетіп, қайырымды істер жасап, жаңа жылдық мерекеге еңбек сіңірдіңдер деп ойлаймын. Жаңа жылда бәрі басқаша болады, жаңа табыстарға қол жеткізіп, жаңа білімді игересіңдер. Бұл ретте отбасыңа деген махаббатты, достарға деген адалдықты, ұстаздарға деген құрметті және Отаның- Қазақстанға деген сүйіспеншілікті сақтап қалу керек. Сендердің барлық армандарың орындалсын. Келе жатқан|Жаңа жылмен құттықтаймын! Ол тек қана жақсылық әкелсін», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Мерекелік шараға ертегілер кейіпкерлері Аяз Ата мен Ақшақар, «Bibi» триосы, Мәдина Сәдуақасова, Алуа Бейнешева, Дәрия Болсанбек, «Жігіттер», «Дети Солнца», «Айналайын» және «Сенім» топтары, «Vivat», «Еркеназ», «Непоседы» би ұжымдары, Ілияс Ибрагимов пен Айнұр Ахметжанова, Темірлан Нұрғали мен Айдана Азаматқызы, цирк артистері және басқалары қатысты.

Мереке барысында Мемлекет басшысының атынан балаларға сыйлық ретінде планшеттер, қысқы киім комплектісі, кеңсе тауарлары, ойыншықтар мен тәттілер және басқалары салынғаны чемодандар тапсырылды.