Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастармен жұмыс жөніндегі жаңа орталық ашылды

15 қыркүйек 2017 жыл

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Алатау ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастармен жұмыс жөніндегі «Almaty Zhastary» атты жаңа орталықтың ашылуына қатысты. Бұдан өзге, қала басшысы «Дүйсенбілік футбол-2017» жобасына қатысушылармен кездесті, осы жоба аясында мегаполистің сауда орындары командалары арасында мини- футболдан турнир ұйымдастырылды, ал мұндағы ойыншылардың басым көпшілігі - сырттан келген жастар.

Жастардың жан- жақты жетілуіне әрі біліктілігіне, сонымен қатар қала өміріне бейімделуіне ықпал ететін жаңа орталық Атлеттер ауылының аумағына орналасқан. Жаңа орталықта болған Алматы әкімі коворкинг орталығының, шығармашылық шеберхананың, жастардың жұмысқа орналасуына, кәсіпке бейімделуіне, жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуға қызмет көрсететін Орталықтың жұмысымен танысты.

«Барлық қызмет түрлері, барлық шеберлік сыныптары, семинар-тренингтер тегін көрсетіледі және барлық клубтарға ақысыз кіруге болады. Тіпті, ағылшын тілі мен компьютерлік сауат ашу курстары да тегін жүргізіледі. Тек Алатау ауданының ғана емес, Алматы қаласының жастары да орталықтың қызметін пайдалана алады», - деп атап өтті қала студенттері Альянсының басшысы Сандуғаш Сандыбаева

Кездесу барысында қала жастарын толғандыратын мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, жастар қазақ тілінің латын әрпіне көшуін қолдайтындықтарын білдірді.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек «Дүйсенбілік футбол-2017»жобасы аясында қала сауда базарларының командалары арасында мини- футболдан өткен бірінші қалалық турнирдің жеңімпаздарымен кездесті. Бұл жобаның мақсаты - сырттан келген жастарды қалалық мәдени- бұқаралық шараларға кеңінен тарту және салауатты өмір салтын насихаттау. Турнирге мегаполистің 40 ірі сауда базарының 44 командасы қатысты.