Алматы әкімі Жапония-Қазақстан достығы жапондық парламент лигасының төрағасымен кездесті

12 шiлде 2017 жыл

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Жапония-Қазақстан достығы жапондық парламент лигасының төрағасы, Жапония Парламенті өкілдері палатасының депутаты Такео Кавамурамен кездесті. Тараптар мәдени-гуманитарлық, партияаралық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Алматы әкімі Мемлекет басшысының сындарлы саясаты арқасында Жапонияның Қазақстан үшін стратегиялық серіктес екенін атап өтті. Үстіміздегі жылдың тек 5 айы ішінде мегаполис пен Жапония арасындағы тауарайналымы 60%-ға артты. Алматыда 14 біріккен және 21 жапондық кәсіпорын тіркелген. Жапондық іскерлік клубы мен жапондық индустриалды парк құрылуда, «Tokyo Rope Almaty» жобасының екінші кезегі жүзеге асуда. Токио мен Алматы арасында тығыз байланыс орныққан, өйткені екі қалада да барлық тұрғындар үшін қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ететін 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасы жүзеге асуда.

Өз кезегінде Такео Кавамура екіжақты экономикалық байланыс технология, білім, қаржы трансферттерін ғана емес, сонымен қатар екі ел мәдениетін де жақындастыра түсетінін атап өтті.

«Өзінің бастамаларымен Қазақстан Президенті халықаралық аренада үлкен абырой мен беделге ие, оның кемеңгер басшылығы арқасында Қазақстан жедел қарқынмен дамуда. Мен 1993 жылы Алматыда болғанмын. Содан бері қарай қала танымастай өзгеріп кетіпті, бұрынғыдан да сұлу және әсем мегаполиске айналыпты. Алматы мыңжылдық мерейжасын атап өтіпті, қала бұрынғыдан да танымал болып, шетелдік туристердің, соның ішінде жапондықтардың қызығушылығын аттыруда. Біздің Киотоның да терең тарихы бар, екі қаланың мәдени және туристік әлеуетін дамыта түсу қажет», - деді Жапония Парламенті өкілдері палатасының депутаты.

Кездесу барысында Такео Кавамура Астанадағы «ЭКСПО – 2017» көрмесінің ойдағыдай өтіп жатқанын, Жапония да 2025 жылы Осака қаласында осынау маңызды халықаралық көрмені өткізуге үміткер екенін жеткізді.

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1994 жылы күншығыс еліне алғашқы сапары барысында құрылған Жапония-Қазақстан достығының жапондық парламент лигасы түрлі партиялардың басын біріктіретін Жапония Парламентінің екі палатасы депутаттарының Қазақстанға деген достық игі ниетін ұштай түседі. Лига мүшелері екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін жиі жиналады. Лига хатшылығы кездесу тақырыбына орай Жапонияның түрлі министрліктері мен ведомстволарының өкілдерін өз кездесулеріне шақыра алады.