Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу қағидалары

1. Жалпы ережелер

Якорь1. Осы Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 24-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленген және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу тәртібін анықтайды.

2. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарға біржолғы ақшалай сыйақы түрінде жүзеге асырылатын көтермелеу белгіленеді.

Біржолғы ақшалай сыйақы түріндегі көтермелеу мынадай мөлшерде белгіленеді:

1) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша - 30 айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі - АЕК);

2) онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша — 40 АЕК;

3) ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша — 50 АЕК;

4) ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша - 70 АЕК;

5) аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша - 100 АЕК.

Осы Қағидалардың 9-тармағында көзделген жағдайларда, грамотамен марапаттау немесе алғыс жариялау түріндегі көтермелеулер белгіленуі мүмкін.

3. Қөтермелеуді қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

 

Якорь2. Көтермелеудің шарттары, негіздері және тәртібі

 

Якорь4. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда жәрдемдесу:

1) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау фактісі туралы хабарлауды;

2) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған іздеудегі адамның тұрған жері туралы ақпарат беруді;

3) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу үшін кейіннен маңызы болған өзге де жәрдем беруді қамтиды.

5. Көтермелеу адам берген ақпарат шындыққа сәйкес болса және айыпты адамға қатысты:

1) әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы заңды күшіне енген;

2) айыптау үкімі заңды күшіне енген;

3) ақталмайтын негіздер бойынша істі қысқарту туралы қаулы шығарылған жағдайда ғана жүзеге асырылады.

6. Адамды көтермелеу туралы материалдарды «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 19-бабының және 22-бабының 2-тармағында көрсетілген органдар (бұдан әрі - сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүзеге асыратын органдар) көтермелеуге құқығы пайда болған күннен бастап он бес жұмыс күн ішінде қалыптастырады және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне жібереді және мынадай:

1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын органның өтініші;

2) ақпаратты есепке алу кітабында, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі жөніндегі адамның өтініші туралы арыздың, сондай-ақ ақпараттың көшірмесі немесе адамның сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты анықтауға, жолын кесуге, ашуға және тергеуге жәрдем бергенін растайтын өзге де құжаттар;

3) әкімшілік құқық бұзушылық жасалғаны туралы хаттаманың немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғау туралы қаулының көшірмесі;

4) заңды күшіне енген әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысының көшірмесі;

5) сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу хаттамасының, заңды күшіне енген айыптау үкімінің не ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық істі қысқарту туралы қаулының көшірмесі қамтылуы тиіс.

6) біржолғы ақшалай сыйақыны төлеу үшін адамның жеке басын куәландыратын құжаттың және жеке немесе өзге шоттың банктік деректемелерінің көшірмелері.

7. Осы Қағидалардың 6-тармағында көзделген материалдар келіп түскеннен кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы бес жұмыс күні ішінде адамға біржолғы ақшалай сыйақыны төлеу үшін негіз болып табылатын көтермелеу туралы бұйрықты шығарады.

8. Біржолғы ақшалай сыйақыны төлеу көтермелеу туралы бұйрық шыққан күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде адамның жеке немесе өзге шотына аудару арқылы жүргізіледі.

9. Біржолғы ақшалай сыйақыны төлеуден бас тартқан жағдайда, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де түрде жәрдемдесетін адам сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын органға тиісті өтініш береді.

ЯкорьБұл ретте жедел-тергеу бөлімшелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының алдында адамды грамотамен марапаттау немесе оған алғыс жариялау туралы өтініш жасауы мүмкін.